EGEMEN KZ: Генетикалық ресурстар елге қайтарылды

Country: Kazakhstan
EGEMEN KZ: Генетикалық ресурстар елге қайтарылды
22 April 2025

Ливанда орналасқан ICARDA Генетикалық банкінен жабайы өсімдіктердің генетикалық ресурстарының қоры елге қайтарылды. Бұл еліміздің ауыл шаруашылығының биологиялық әртүрлілігін қалпына келтіріп, сақтауға орасан зор көмек болды, деп жазады Egemen.kz.

Елге аталған өсімдіктердің 98 жабайы түрі жеткізілді. Олардың 37 үлгісі - дәнді дақылдар, 37-сі мал азықтық дақылдар және 24-і бұршақ тұқымдас дақылдар. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (АҚИҰ) баспасөз қызметінің мәліметінше репатриация толықтай ICARDA тарапынан қаржыландырылып, барлық логистикалық және фитосанитарлық талаптар сақталған. Бұл жұмыс Қазақстан мен Ливанның заңнамасына сәйкес импорттық сертификатпен жүзеге асырылды. Ал жабайы өсімдіктер түрін елге қайтару АҚИҰ мен Құрғақ аймақтарда ауыл шаруашылығын зерттеу жөніндегі халықаралық орталықпен (ICARDA) ынтымақтастығының нәтижесінде қол жеткізілді.

-Біздің ғалымдар Тунистегі ICARDA Генетикалық банкіне ғылыми сапармен келген еді. Осы сапар кезінде мамандар ICARDA жаһандық қорларында сақталған 552 отандық текті үлгілерді анықтады. Олардың қатарында түрлі бидай, арпа, ноқат, бұршақ және басқа дақыл түрлері бар. Көптеген үлгілер бұрын ICARDA мен Н.И.Вавилов атындағы Өсімдіктердің генетикалық ресурстары институты арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясында сақталып келген, - деді Азық- түлік Қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы Бас директоры Берік Арын.

Берік Арынның айтуынша сапардан кейін ICARDA Генетикалық банкінің басшысы, аға ғылыми қызметкер, доктор Мариана Язбектің көмегімен ел сарапшылары ICARDA жүйесі арқылы репатриацияға ресми өтініш жіберген. Жыл басында ICARDA бұл үлгілердің елімізге тиесілі екенін мойындай отырып, оларды ешқандай шартсыз қайтарып беруге келісім берген. Осылайша жабайы дақылдардың бірінші легі елге жеткізілді. Ал екінші лекпен жуық арада ICARDA-ның Мароккодағы Генетикалық банкінен сұрыптау және ауыл шаруашылығын дамыту үшін өсірілетін маңызды дақыл үлгілері елге тасымалданады. АҚИҰ басшысының айтуынша қазір ICARDA мамандары соңғы жіберілетін үлгілердің нақты санын анықтап жатыр.

Бұл АҚИҰ-ның мүше мемлекеттерге азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, генетикалық ресурстарға қол жеткізу, ұлттық генетикалық банк жүйелерін дамыту және тұрақты ауыл шаруашылығын қолдау мақсатындағы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған жұмысының бір көрінісі.

Please find original version below: 
https://egemen.kz/article/385421-genetikalyq-resurstar-elge-qaytaryldy